Дактиль
Сағыныш Намазшамова
Ақын Ерлан Жүніс жайлы сөз қозғағанда бір ғана бағытта сөйлеу мүмкін емес. Оның өнердегі өресін қапсыра қамту үшін қос қолың жететін жердің, қос жанарың көретін көкжиектің аясында қарау жеткіліксіз. Түбіне түсе алмасаң да тереңге, шыңына шыға алмасаң да шырқау биікке көз жіберуіңе тура келеді.
Ерланның шығармашылығында дәстүр мен жаңашылдықтың, батыс пен шығыстың, берік білім мен тұңғиық түйсіктің, сыртқы таным мен ішкі дүниенің синтезі бар. Олардың өзара мінсіз кірігуі, толассыз тоғысуы, бір-бірін жалғастыратын үздіксіз циклы бар. Жұмыртқа мен балапанның, күн мен түннің қайсысы бірінші екенін біле алмай өтетініміз секілді, ақынның тұла бойында осы аталған өзара кереғар сипаттардың қай кезде бір-біріне айналып үлгергенін де ұға алмаймыз. Оларда бекітілген шекара, сызылған шек жоқ. Сондықтан да оның ара жігін ажыратқаннан гөрі біртұтас күйінде қабылдау ақынның болмыс-бітімін танып-білуде әлдеқайда жөн ұстаным ба деймін.
Ерланды жай оқи сала алмайсың, оған жұтыласың! Теңізіне толқын боп, жауынына тамшы боп, қанатына қауырсын боп қалай қосылып кеткеніңді өзің де сезбейсің. Оның жырының жаңғырығы жан дүниеңе сіңіп алатыны соншалық, оны бірте-бірте өзіңдікі екен деп ойлайсың. Кейінгі жас буынның шығармашылығында Ерланның әсері молынан байқалса, Ерланның стилі кейінгі толқынның да стиліне айналып бара жатса, оның бір себебі осы.
Иә, қазір оның өлеңдегі машығы мәнерге, мәнері стильге айналып үлгерген. «Стиль — өнердің жүйесі» дейді Винкельман. Үйреншікті ұғыммен айтқанда — мектебі. Ерлан өз тұстастарының ішінде еркінен тыс соңынан жас толқынды ертіп келе жатқан дара ақын! Оны мойындауға сірә да ерте емес.
Шынайы ғалымдардың оқырманға жылу мен температураның, масса мен салмақтың айырмасын ұғындырғаны сияқты Ерланның шығармашылығы да қисынды өлең мен құйылған поэзияның ерекшелігін түсіне алатын сезімдеріңді оятуға қауқарлы.
Жазам дедім, қалам берді Тәңірім,
Ашам дедім, ғалам берді Тәңірім,
Қара өлеңді маған берді Тәңірім,
Бар әлемді саған берді Тәңірім!
Қара гүлге өлең жаздым, ақ болды,
Қара мұңға өлең жаздым, бақ болды,
Қара түнге өлең жаздым, нұр болды,
Қара тасқа өлең жаздым, тақ болды!
Бұл дүниенің бас-басына жаздым мен,
Тағдырымның таспасына жаздым мен,
Таңғажайып дүниесінде Тәңірдің
Маңдайыңнан басқасына жаздым мен!
Мықты өлеңнің ішіндегі жалғыз ауыз сөз тұтас жырды жасанды етіп жіберетін кездер болады. Ерлан әдетте буын санын толтыру үшін қоса салатын ондай жолбике сөздерге жоламайды. Оның өлеңінің тұла бойындағы діңінің мықтылығы сондай, бұтағына қонатын әрбір сөзге жіті, кірпияздықпен қарайды.
Көңілінде кіділігі жоқ, біреуге арыз-қош айтып, жүк артып, кінә қоюдан ада биязы болмысы өлеңдерінің өн бойында өріліп жатыр. Осы мүбәрәк мінез шайыр шығармашылығының эстетикалық құндылығын одан сайын биіктетіп тұр.
Өзімде өзімнің мұңым,
Өзіме уым да балдай.
Жылағым келеді бүгін
Ешкімді жылатып алмай, — дейді ақын.
Ертеректе өнер зерттеушілері мүсіндеумен, көркемсуретпен қатар поэзияны да белгілі бір деңгейде еліктеуші өнердің қатарына жатқызған еді. Бұл жерде айналадағы табиғатқа, адамдардың болмыс-бітіміне, оқиғаларға еліктеу тұрғысынан айтылған. Ал біз кейінгі уақытта бұл сөзді тек басқа ақын-жазушыларға еліктеу мағынасында ғана қолданатын болдық. Өйткені расында да жазармандар қоршаған ортадан гөрі кітап сөздеріне көп еліктейтінді шығардық. Сол жағынан келгенде Ерлан жас адамға тән еліктеу-солықтау кезеңінен тым ерте өтіп кеткендіктен, ақындарды қайталағаннан гөрі айналадағы табиғаттан үйренгенді жөн санайды.
Көбелек қанат қаққанша,
Сағынып үлгердім сені,
Қалалар шамын жаққанша,
Сағынып үлгердім сені,
Бір тамшы тамам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір шырпы жанам дегенше,
Сағынып үлгердім сені...
Ерлан уақытты сағат, күн, ай, жылдардың бойында сусыған ағын деп қана қарамайды, ол әр секундтың өзі сансыз наносекундтардан тұратынын терең сезінеді. Қараңызшы, осы айтылғанның бәрі - адам кірпік қаққанша көріп үлгермейтін қимыл-қозғалыстар. Оларды байқау үшін қандай нәзік сезімталдық, уақыттың ұсақ бөлшектеріне еркін кіре алатын алапат қуат керек!
Жалпы Ерланның поэзиясының күш-қуаты зор. Бірақ ол осы сөздің тікелей мағынасындағы дүлей қуат, дөрекі күш емес. Тамшының тас тескеніндей қуат! Дүмпуі көп, дүбірлі дауыстан адамның бұлшық еттері қаншалықты жиырылып, санасы ширығып, ширатылатын болса, Ерланның өлеңдері адамның тұла бойын, жан жүйкесін соншалықты балбыратады, бөлшектейді. Ыдыратудың өзі — қуаттылықтың белгісі!
«Өлеңіңді бағыттайтын аудитория үнемі ойша көз алдыңда тұруы керек» дейтін маяковскишіл мінез Ерланға жат. Аудитория тұрмақ ақынның өзі де жоқ сияқты. Бары — тек өлеңі ғана!
Кейде ойлаймын,
Шынымен мен өмірде бар шығармын,
Жапырақ,
Топырақ па,
Тамшылардың
Бәлкім, бірі шығармын, жо-жоқ, әлде,
Жай ғана кітаптағы жан шығармын.
Осы өлеңде ақын өзін тап басып таныған. Расында күнделікті өмірде, қайнаған қоғам ортасында, ду-дуы көп әлеуметтік желілерде Ерланның бойын көрмейсіз, ойын көресіз, оқырманға өзін ұсынбайды, өлеңін ұсынады. Оның «кітаптағы жан шығармын» дегені шындыққа соншалықты жақын.
Бірақ ол қоғамнан қалтарыс емес. Өзінің тамыры тарихта, бұтағы бүгінде екенін анық аңғартады және оны үлкен махаббатпен жеткізеді:
Сен өлмеші тегім,
Мен қағанның ұлы.
Сенің кеткен кегің —
Ғұмырымның ділі.
Ең алғашқы жаста
Ең ақырғы демім.
Адамдардан басқа
Ешкімім жоқ менің...
Тағы бір өлеңінде:
Атамыздың жағасынан алдырмай,
Анамызды күрсініске салдырмай,
Арман жоқ-ау ажал құшсақ арлы ұлдай,
Топырақты қор қылмай! — дейді.
Көп алдында көпірген қызыл сөздермен, биік мінбелерде айтылған жалынды ұрандармен біз күнде өлтіріп жатқан елжандылықты Ерлан осылай тірілтеді! Оның тарихи тақырыпқа дендеп еніп, оқырманға лек-лек поэмаларын үзбей ұсынып жатқаны өз алдына бөлек бір мақалаға жүк болатын әңгіме.
Бір қарағанда оқырман оның жырларында пессимистік сарын басым ба деп ойлауы мүмкін.
Қаңғыбастар, қайыршылар, кезбелер,
О, арымды қайда апарып жасырам?!
Сезім өлер, сенім өлер, сөз өлер,
Өтіп бара жатам үнсіз қасынан.
Немесе:
Серіктерім: кітаптар, сезім, өлең,
теледидар, темекі, өзім, әлем.
Үйренісіп алғанмен осыларға,
үйренісе алмадым өзіме мен.
Менің көз алдымда Ерлан қанатын күйзелістің ауыр батпағына батырып алмай, оның беткі қабатын жанай ұшып, өзінің адал аңсар, аппақ армандарымен биікке қалқып көтеріліп кеткендей көрінеді. Сондықтан да оның мөлдір мұңының өзінде салтанаттың самалы бар.
Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,
тезірек таң атқанын қалап тұрмын.
Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,
терезеден ешқайда қарап тұрмын...
— деген өлең жолдарындағы «ешқайда қарап тұру» тіркесі туралы кезінде біршама пікірлер айтылды. Ойға томпақ келеді дегендер де болды. Бұл жердегі «Ешқайда қарау» — қалыптасқан тілдік қолданыс аясынан тыс пәлсапалық ұғым. Әдетте ешқайда қарамау деп қолданамыз. Ал адамның «ешқайда» қарауы мүмкін бе? Бұл метафизиканы маңайлап, логиканың қатып қалған қисындарын бұзып-жарып өтетін сұрақ. Бұл Ерланның дәстүрлі ойлау жүйесінің аясынан әлдеқашан шығып кеткенін көрсетеді.
Көбіне біз көңіл көкжиегіміз жетпеген нәрсені хаос деп қабылдаймыз. Ерланның «Энтелехеясында» осындай екінің бірінің құшағы жете бермейтін алапат ауқым жатыр. Бұл кітап — ақынның сандырағы емес, сана өресінің биігі. Ол өзінің ішкі қуаты мен болмыста барға айналған нәрселерді Аристотель қолданған көне ұғымның аясына сыйғызады.
Тұншыққан ой сығымдалған серіппе секілді, неғұрлым тығыздалған сайын кері серпілгенде соғұрлым құлашын кеңге жая алады. Оны аз сөзге зор мағына дарытқан қуатты ойлардың нүктелік нұсқасы деуге болады. Ерлан аз штрихпен көп ой салатын суретші секілді. Суретші демекші, жапондарда кенепке жартылай сурет салып, екінші жартысын ақ күйінде қалдыратын да тәсіл бар екен. Ол да өздерінің хойкуы сияқты шексіздікке жалғасу ниетімен жасалатын әдіс болса керек. Мұнда ой-қиялды қозғаудағы негізгі салмақ оқырман мен көрерменнің өзіне түседі.
«Энтелехеяда» ақын былай дейді:
Бір топ бала маған қарай жүгірді,
құлағыма жетті үні,
екпіні
шашымды ағартты.
Жалқы шумақтан жалт еткен уақыттың жылдамдығын байқап үлгере алдыңыз ба?
«Ескі қоныс» туралы:
Ел,
ес,
ел есі,
елесі...
Бір қарағанда сөз ойнатым, каламбур ма дейсің. Бірақ бір ғана Ел мен Ес сөзінің өзіне бүкіл тарихың бастан-аяқ сыйып кеткенін ұғынғанда таң қаласың! Қалай ойламағанбыз, қалай ойланбағанбыз?! Елес сөзінің түп-төркінінде қандай образ бен сурет жатқанын қалай аңғармағанбыз? Кезінде атақты психоаналитик Зигмунд Фрейд өзінің талдау процестері барысында әр сөздің түпкі шығу төркініне ерекше зер салғаны бекер емес-ау.
Ақынның «Ромбтарындағы» эксперименттері де сәтсіз емес.
Бақ —
Аспан
Еркесі —
Тәңір құсы.
Әмір мысы
Ел сесін
Басқан –
Тақ.
Мазмұнның меңгерілгені, сөздің сіңірілгені соншалық, кез келген форма Ерланға бір мысқал да кедергі бола алмайды екен. «Палуанға оң-терісі бірдей» дегенді осындайда айтса керек. Егер мұндай эксперимент инициацияның деңгейінде болатын болса, ақынның қабілетін аша түсуге, қамау терін ала түсуге септесетін әдіс ретінде өз басым мұны теріс көрмеймін.
Ерлан өлеңдерінің тұла бойында «О» дейтін қаратпа сөзге жиі жүгінетінін байқаймыз. Таза қазақы ұғымда «Ау», «Уа» дейтін сөздер тұрақты қолданылады.
О, будь!.. О, вспомни нашу младость,
Злословья жертву пощади,
Клянися в том, чтоб вовсе радость
Не умерла в моей груди...
М. Лермонтов
Не любишь, не хочешь смотреть?
О, как ты красив, проклятый!
И я не могу взлететь
А в детстве была крылатой.
А. Ахматова
Ерландағы «О, қайда дұғасы жардың», «О, кімді салады ол еске» дейтін көңіл ауаны «Уа, дариға» (Қасым Аманжоловтағы), «О, туған жер» (Тұманбай Молдағалиевтағы) айтылымынан гөрі жоғарыда мысалға келтірген орыс ақындарының сарынына әлдеқайда жақын. Жалпы, осы «О» деп келетін жыр жолдары Ерланнан бұрын да біршама жиі қолданылған. Бірақ оларда қазақы реңк сақталған. Ал Ерландағы бұл қаратпа сөзде өзге елдер әдебиетінің ықпалы басым. Осы стильді бүгінгі қазақтың жас ақындары жатсынбай өз өрнегіндей сіңіре бастағаны, етене қыла бастағаны байқалады. Бұл да Ерлан өлеңдерінің әсерінің күштілігі болса керек.
Алып таулардың шайқалғанын көрдім,
Алты жасымда соны ұқтым:
Алып сөздерді айта алғанын көрдім
Кіп-кішкентай халықтың.
Алып мұхиттар толқығанын көрдім,
Бір тамшы суға байланып,
Алып тәждердің балқығанын көрдім,
Елтаңбаларға айналып.
«Алты жасар Алпамыстың» ойында өткенге деген иә сағыныш, иә жеккөрініш жоқ, саясаттың иісін де, дәмін де сезбеген сәби сана алып таулардың құлағанын, алып мұхиттардың тулағанын заңды нәрсе – табиғи құбылыс деп қабылдайды. Бұл тақырыпты Кеңес уағында естияр ғұмыр кешірген жандар жазса, олардың түпсанасынан бәрібір сол бір тарихи кезеңге деген әлдебір көзқарас қылаң беріп қалар ма еді. Әрине, бұл өлеңді Ерлан алты жасында жазған жоқ. Дегенмен ол көз алдындағы көріністі сол күйінде факт ретінде, бірақ көркем түрде ұсына алып отыр. Бұл өлең — Тәуелсіздіктің төл ұрпағының сөзі!
Астро-физиктер Күн белсенділігінің қай дәуірде қандай болғанын полярлық мұздардың қабаттарындағы, алып ағаштардың сақиналарындағы химиялық элементтерге қарап анықтайды. Дәл сол сияқты кейін Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетін зерттеймін дегендер болса, ес білгелі сол азаттықтың ауасымен тыныстаған, тәуелсіз елдің топырағын төсеніш, аспанын жамылғы еткен Ерландардың шығармашылығының қатпарларына, сөздік қолданыс-қорларына ерекше назар аударатыны ақиқат. Сондықтан бұл буынның мұндай зерттеулерде айрықша нысана болуы заңды да. Ол алдағы уақыттың еншісінде.
«Ұлылардың тағылымы», «Алыптардың иығы» дейтін аталы тіркестер бар. Ерланның интеллектуалдық бастаулары қайда жатқанын, қашан, қалай толысқанын дөп басып айту оңай емес. Бірақ ол төл әдебиетінің ұлыларымен қатар әлем руханиятының ақыл-ой алыптарымен оңашада көп сырласқан ақын екені анық. Бұл - шығармашылық адамының міндетті түрде жүріп өтуге тиіс жолы.
...Дауыл тұр, нөсер құй, жел соқ,
Бәрібір селт етпес ақыл.
...Кеудемнің ішінде селсоқ
Әлдекім ыңылдап отыр.
...Ән салсам керек ол кімге,
Кім мұнда — расұл?!
Бетховен естиді түнде
Гомердің құлаған жасын.
Бір не бірнеше октава төмен/жоғары шыққан дыбыс аралығын қандай интервал бөліп тұрса да, олар әрдайым бір-бірімен үндес болады. Уақыттық жағынан қанша алшақ тұрса да бұл жерде Ерланда сол алыптардың әуезімен астасуға деген ұмтылыс бар.
Адамзат о баста жаратылғанда биологиялық бітімі, тұрмысының жайлылығы, ғылыми-техникалық прогреске жетуі жағынан қазіргіден әлдеқайда артта болғаны рас, бірақ рухани жағынан алғанда ілкі түп қашанда Құдайлық бастауға едәуір жақын екенін мойындаймыз. Ежелгі ауыз әдебиетінің қайнарынан жалықпай-шаршамай сусындайтынымыз, антикалық дәуірдің өнер туындыларына әлі күнге таңдай қағып сүйсінетініміз, Аристотель мен әл-Фарабиге, Гомер мен Абайға айналып соға беретініміз рас қой. Өйткені олар – руханияттың шыңы. Біздікі тек адаспау үшін соларды темірқазық ету.
Ерлан да Жұмекен ақын сияқты кітапханадағы киелі рухтармен тілдеседі. Естеріңізде шығар, Пушкин, Абай, Блок, Махамбет, Мұқтарлармен сырласа отырып:
Уа, ұлылар!
Жырларыңа бір жүзейін — тақтай бер,
Берер болсаң, аққуыңды атпай бер.
Маяковский, қаһарыңнан сақтай гөр,
Уитмен-шал, сақалыңнан сақтай гөр!
Бурыл жал Пегасыңмен бір тең бе,
Менің тайым соңдарыңнан бүлкеңдер.
Адамдардың арасына кішкене
Тұрмысыңдар, сыймай өткен үлкендер!
— деп тілдескен еді ғой ұлылармен Жұмекен ақын. Ерлан да Алматыдағы «Гүланда» кітап дүкенінің ішіндегі ой-толғамдарын, алыптарға деген мәңгілік махаббатын былайша жеткізеді:
Шалдар-ай, сүйемін сендерді,
Сезіммен ешкімді сүймеген.
Сендерден үйренсе-ау өлмеуді,
Өлуді өзім-ақ үйренем.
... Асаулар, бұлғақтар кешегі
момақан кітапқа қалайша сыйып тұр?
Еседі самал-жыр, аңыздар көшеді –
өшеді,
өшкені өмірден биік тұр!
Бұл осы алыптарға деген ғашықтық ғазалы, солардың артынан іңкәрлікпен ілесуге бет алған ақынның жүрек сөзі!
«Геометрге кеңістіктің бар екенін дәлелдеудің қажеті бар ма?» — дейді Ф. Шеллинг. Дәл сол сияқты бізге де Ерланның шығармашылығын белгілі бір өлшемдермен өлшеу, теорияның тар қалыбына салу, даралығын дәлелдеудің өзі артық па деймін. Оны тек оқу керек!
Сағыныш Намазшамова 1978 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін бітірген, журналистика магистрі. «Бақыттың бағасы» (2007), «Сағыныш», (2009), «Менің мифім» (2021) жыр жинақтарының авторы. Шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы (2007 ж.). Балалар жылы аясында өткен республикалық «Ер Төстік» (2021 ж.), «Жас өрен» (2022 ж.) әдеби байқауларының жүлдегері, Ольга Маркованы еске алуға арналған «Qalamdas» әдеби сыйлығының «Әдеби сын» номинациясының жеңімпазы (2024 ж.). Мемлекеттік стипендияның (2015 ж.), «AssylTas» қорының «Әдебиет» аталымы стипендиясының иегері (2022 ж.). Қазақстан Жазушылар одағының, «Janr» әдеби клубының мүшесі. «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының 10 томдық антологиясына, «Балалар поэзиясы антологиясына», сол сияқты қазақ ақындарының испан, әзербайжан, түрік, қырғыз тілдеріндегі, сондай-ақ Орта Азия елдері (қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік) жас ақындарының неміс тіліндегі «Simurgh» антологиясына өлеңдері кірген. Сонымен қатар Германияның «Wunderhorn» баспасынан шыққан «VERSschmuggel. Поэзиялық диВЕРСия» кітабына 3 қазақ ақынының, соның ішінде С. Намазшамованың да қазақ және неміс тіліндегі (аударма) өлеңдері мен неміс ақындарынан жасаған аудармалары кірді.